Әскерге барудан қашып жүргендерді "қолға түсіру науқаны" жүріп жатыр

2407

Әскерилер оның "әкімдік қаулысы бойынша" жасалып жатқанын айтуда.

Әскерге барудан қашып жүргендерді "қолға түсіру науқаны" жүріп жатыр

Ақтөбеде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуден қашып жүрген ер адамдарды "аулау" науқаны басталған.

Белгілі болғандай, қала әкімдігінде биылғы күз мезгіліндегі жедел әскери қызметке шақыру мәселесі қаралады. Одан кейін қорғаныс істері жөніндегі департамент әскерге барудан бой тасалап жүрген жауапсыз жастарды қолға түсіру үшін рейдтер жүргізе бастайды. Бұл жерде "шаш ал десе бас алған" мекеме енді әскерге шақырылғандарды "қала әкімінің қаулысы бойынша" кез келген жерден көлікке отырғызып алып, ұстап кете бастаған.

Департаменттен түсіндіргендей, олар "жастардың қолдарына тек әскерге шақыру қағаздарын береді, жылда жасап жүрген жұмыстары". Алайда комиссариат қызметкерлерінің қаладағы орталық базар маңынан жас жігітті күштеп әкетпек болған бейнебаяны тарап кетіп, көпшіліктің наразылығын тудырады.

"Біріншіден, бұл жерде шақырылған жігіттің туысы шу шығарды. Ол, тіпті, біздің офицерді боқтап, жігітті босат деп жеңінен тартқан. Екіншіден, ол жерде біздің қызметкерлеріміз ешкімге күш қолданып, тиіскен жоқ. Мәлімет бойынша тексеріп, әскерге шақыру қағазын беріп, босатып жіберді", –  деп түсіндіреді Ақтөбе облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Сейіткерім Арапбаев. 

Өз кезегінде әскерде қызмет етуден қашқандарға профилактикалық шара қолдану туралы қаулы шығарған әкімдіктегілер әскерилерге "адамдарды көшеден күшпен алып кетіңдер" деп тапсырма бермегендерін алға тартып отыр. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу