"Біз де талай таяқ жедік": Депутат әскердегі әлімжеттік туралы айтты

233

Депутат әскердегі әлімжеттік мәселесін жою жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр дейді. 

"Біз де талай таяқ жедік": Депутат әскердегі әлімжеттік туралы айтты Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи әскердегі әлімжеттікке байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әскерге келетін адам топ етіп аспаннан түскен жоқ. Ол қоғам дайындап берген жастар. Әрине, бұл тұрғыда қоғам қандай бізге сарбаздар дайындап берді, сондай біз әскери азаматтарды көріп отырмыз. Тек қана барлық кінәні Қорғаныс министрлігіне аударып тастауға болмайды. Мұнда елдегі үлкен аспектілі проблема. Олардың бәрін қоғаммен бірге қарастыруымыз керек. Ең бастысы әскердегі әлімжеттік мәселесін жою жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былай айтқанда, бір әскери ротада тек қана бір уақытта шақырылған азаматтар ғана қызмет етеді. Олар бір-біріне әлімжеттік ете алмайды. Әсіресе, Қорғаныс министрлігіне қоғам тарапынан сұрақтар көп. Ол тараптан министрлік біраз жұмыстар істеп жатыр. Дегенмен соңғы кезде болып жатқан өлім-жітімге байланысты бірінші кезекте Қорғаныс министрлігі жауап беруі керек деп ойлаймын", – деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Ермұрат Бәпидің сөзінше, бүгінгі таңда еліміздегі әр отбасында екі-үш баладан артық бала жоқ. 

"Бұл жерде тек армия кінәлі емес. Бұл жерде қоғамның да кінәсі бар. Қазір әр отбасыда екі-үш баладан артық бала жоқ. Жалғыз баласын әуектеген отбасы оны әскери парызынан алып қалуға тырысады. Ал әлем деген қандай болып жатыр, Отанды, елді кім қорғайды… Шешесінің алақанында әуектеп өскен бала қаншалықты дайын әскерге… Баланың әскерде қызмет етуге ерік-жігері, психологиясы дайын ба? Сұрақтар өте көп", – дейді ол.

Депутат Қорғаныс министрлігінде кемшіліктер болғанымен, олар жауынгерлердің өзін-өзі атуына ешқашан мүдделі еместігін атап өтті.

"Дабыраның бәрі қайдан туады? Мен әскерде болған кезде бізде хаттан басқа ештеңе жоқ. Мен Камчаткадан Зайсанға хат жазам, бір айда жетеді, бір айдан кейін келеді. Қазір екінің бірінің қолында телефон бар. Ол арқылы ақпарат жетеді. Оны қолдай кететін, дүркірейтін қоғам бар. Әйтпесе, біз де талай таяқ жедік. Соның салдарынан осындай дабыра, даңғаза туады. Әскери "уставта" мынандай сөз бар: "стойко переносить тяготы и лишения военной службы" (әскери қызметтің ауыртпалығы мен қиыншылықтарына төзімділікпен шыдау) деген. Ол антта жазылған. Біз бұл сөзді жаттап қана айтамыз да, санамыздан өткізіп айта алмаймыз. Табиғатымыздан өткізіп, отан қорғау алдындағы міндетіміздің бір бөлшегі ретінде түсініп, түйсініп айтатын болсақ, бәлкім біз болып жатқан оқиғаларға да басқаша көзқараспен қарар ма едік", – дейді Ермұрат Бәпи.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу