Былтыр көктемде әскерге алынған сарбаздар үйлеріне төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін ғана қайта алады. Қазақстанның Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов осындай мәлімет айтты.
"Әскери қызмет және әскери қызметкершілердің мәртебесі туралы ҚР Заңына сәйкес, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қолдау мақсатында төтенше жағдай кезінде 2019 жылы көктемде әскерге шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару уақытша тоқтатылды. Запасқа шығарылғанға дейін осы әскери қызметшілерді киім-кешекпен, азық-түлікпен қаржымен және медициналық қамтамасыз ету сақталады. Сонымен қатар, әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмыстары тоқтатылды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мерзімдерін 2020 жылғы маусымнан тамызға ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықта азаматтарды әскерге шақырудың бұдан бұрын бекітілген мерзімін биылғы жылғы маусымнан тамызға дейін ұзарту көзделеді. Азаматтарды әскерге шақыру төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін қайта жүргізіледі және 31 тамызға дейін ұзартылады. 2019 жылы көктемде әскерге шақырылған қызметшілерді засапқа шығару төтенше жағдай режимі алынған жағдайда биылғы жылғы 30 маусымға дейін жүргізіледі. Бұл ретте әскерге шақыру мен запасқа шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес іске асырылады. Елеулі өзгеріс болмайды", – деген департамент бастығы елдегі төтенше жағдайды бақылауға 9500 әскери жұмылдырылғанын да атады.
"Елімізде төтенше жағдай енгізген сәттен бастап Қарулы күштер әртүрлі міндеттерді белсене атқаруда. Бүгінгі таңда 9500 әскери қызметші патрульдеуді, дезинфекциялауды және басқа да міндеттерді іске асыруда. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығаруды тоқтата тұру және азаматтарды әскерге шақыру мерзімін ауыстыру туралы шешім біздің мемлекетіміздің тарихында алғаш рет қабылданып отыр. Ол біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған", – деді ол онлайн-брифингте.
Есжан Ботақара