Әскери бөлім қамқорлығындағы Ақтөбе мектебінің оқушылары Бакуден Бас жүлдемен оралды

115

Тұңғыш қазақ генералы Жансен Керееев атындағы № 65 жалпы білім беретін мектептің "Жаубасар" сыныбының тәрбиеленушілері Әзербайжаннан жеңіспен оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Әскери бөлім қамқорлығындағы Ақтөбе мектебінің оқушылары Бакуден Бас жүлдемен оралды Фото: Қорғаныс министрлігі

Екі жыл бұрын бұл оқу орны 20709 әскери бөлімімен меморандумға қол қойған болатын. Осыған сәйкес әскери қызметшілер оқушылармен бірге оқу-жаттығу жиындарын, практикалық сабақтар, экскурсиялар мен кездесулер өткізіп келеді. "Жаубасар" сыныбында оқушыларға шығармашылық қабілеттерін дамытуға, дене дайындығын жақсартып, әскери-қолданбалы дағдыларды меңгеруге жақсы жағдай жасалған. 

Baku Art Festival – 2026 халықаралық балалар шығармашылығы байқауында Ақтөбе қаласындағы мектептің жетінші сынып оқушылары Бас жүлдені иеленді. Олар "Қазақ елім – байтағым" әнін орындап, вокалдық шеберлік пен сахналық мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетті.

Baku Art Festival – әртүрлі елдердің талантты балалары мен жастарын біріктіретін маңызды халықаралық алаңдардың бірі. Жас патриоттардың жетістікке жету жолы биыл наурыз айында өткен республикалық Art Fest байқау-фестиваліндегі жеңістен басталды. Сол байқауда "Жаубасар" командасы Қазақстанды халықаралық аренада таныстыру құқығына ие болған еді.

– "Жаубасар" әскери-патриоттық сыныбы әскер мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара тиімді іс-қимылдың айқын мысалы болып отыр. Еліміздегі бес мыңнан астам мектепте "Жас айбын" сыныптары ашылды. Олардың әрқайсысына тиісті әскери бөлімшелердің қарамағындағы қамқорлық бекітіледі, – деп нақтылады Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.

Ақтөбедегі оқушылар мен әскери қызметшілердің ынтымақтастығы тек Отанға қызмет етуге дайындықты қалыптастырумен шектелмейді, олардың жан-жақты дамуына да септігін тигізіп келеді. Халықаралық байқаудағы жеңіс бұл жұмыстардың тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу