Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі таңда барлық әскери бөлім бейнекамералармен қамтамасыз етілген. Бірақ онда бірнеше мәселе бар. Біріншісі – бұл видеокамералар аналитикасыз істеп тұр. Яғни, болып жатқан суретті экранға жібереді, одан басқа ешқандай сараптама жоқ. Біз қазір ақпараттық жүйені енгізу барысындамыз. "Ақылды" бейнекамералар жасайын деп отырмыз. Мұнда жасанды интеллекттің элементтері бар. Әскери бөлімге кім кірді, қашан шықты, қазір қанша адам бар дегендей, бірнеше топ жиналған жағдайда, жауапты адамдар өздерінің орынын тастап кететін болса, сигнал бере алатындай. Дүние жүзінде қандай аналитика бар – соны енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Екінші мәселе бұл видеокамералардың барлығы қазір цифрлық аналогы болып келеді", – деді Дархан Ахмедиев.
Спикердің сөзінше, он жыл бұрын қойылған камералар бүгінге дейін жұмыс істеп тұр.
"Оларды ауыстыратын уақыт келді. Екіншіден, ақпараттық жүйені енгізу керек. Қазір нақты бір сома туралы айта алмаймын. Әр әскери бөлім (камераларды) өзі сатып ала алады. Бұл камералардың жай-күйіне байланысты. Егер ол әлі жұмыс істеп тұрса, әрі цифрлық болса, оны ауыстырудың қажеті жоқ. Алайда, аналогы болса, он жылдан астам жұмыс істеп тұрса, оны ауыстыру керек. Санына байланысты сомасы белгілі болады. Нарықта әртүрлі баға бар", – деп атап өтті ол.
Қорғаныс министрінің орынбасары ақпараттық жүйеге қажет соманы айта алатынын жеткізді.
"Қазақстанның айти компаниялары берген ұсыныстарының біреуі 400 млн теңге, бұл ақпараттық жүйе. Серверлік құралдар немесе камералардың бағасы әскери бөлімдегі камера мен құрал-жабдықтардың жай-күйіне байланысты", – деді Дархан Ахмедиев.