Жыл соңына дейін 105 әскери бөлімшеге жасанды интеллект элементтері бар камералар орнатылады. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер бөлімшелерге камералардың орнатылуынан кейін әскердегі әлімжеттікпен байланысты көрсеткіш азайды ма деп сұрады.
"Мен бұған кәміл сенемін. Қазір бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Біріншіден, дәл қазіргі таңда біз конкурстық процедураларды өткізіп жатырмыз, бірақ оны күтпей-ақ кейбір әскери бөлімшелерде бұл бейнекамералар орнатылған. Оған жасанды интеллект элементтері енгізілген. Сондықтан жалпы камера бар жерде бұзушылық болмайды деп сенемін", – деп жауап берді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Дархан Ахмедиев ЖИ нақты не анықтауға көмектесетінін түсіндіріп өтті.
"Көптеген жағдайларды анықтайды. Мысалы, әскери бөлімшеде кімнің бар, кімнің жоқ екенін көрсетеді. Әскери бөлімшеде жүз адам қызмет етуі керек болса, сол жүз адамның барлығы осында бар? Егер жоқ болса, себебі қандай дегендей. Яғни, оқуда жүр ме, ауырып жатыр ма –соның бәрін командир көре алады.
Екінші мәселе – автотехника мен бронетехника. Олар орында тұр ма, жоқ па, жаттығуларға шығып кетті ме – сондай жағдайларды бақылауға болады. Барлығы өзінің жұмысын істеп жатыр ма, төбелес болып жатыр ма, түнде тұрып рұқсатсыз шығып кетті ме, әлде біздің аумаққа бөтен адам кіріп кетті ме – осындай жағдайлар да бақыланады. Қазір үш әскери бөлімшеде жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін министрдің тапсырмасы бойынша 105 әскери бөлімшеге орнатылатын болады. Бұл – сарбаздар бар әскери бөлімшелер", – деді ведомство өкілі.
Бұл камералар адамның бет-әлпетін тануға мүмкіндік беретіні айтылды. Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев бюджеттен осы жылы қаражат бөлінгенін атап өтті.