Олар тиісті жерге пойызбен бара алады. Жол шығын Қорғаныс министрлігі өтейді. Сонымен қатар әскери борышын өтегендер жолда маскамен, антисептиктермен және тамақпен қамтамасыз етіледі.
Министрлік 2021 жылдың 8 ақпанында ҚР Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы "Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2021 жылғы наурыз-шілде және қыркүйек-желтоқсанда мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" Жарлыққа қол қойғанын атап өтті.
"Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар көрсетілген кезеңде мерзімді әскери қызметке шақырылады", - делінген хабарламада.
Ал осы мерзімде қызметін атқарған сарбаздар запасқа шығарылады. Олар әскери бөлімдерден кетер алдында ПТР-тексерістен өтеді.
"Оларға кез келген санаттағы пойыздың плацкарт вагонында жол жүру құқығы беріледі. Қорғаныс ведомствосының есебінен межелі пунктке дейін жүру уақытын ескере отырып, олар маскамен, антисептиктермен және тамақпен қамтамасыз етіледі", - делінген хабарламада.
Осы уақытта қызметін атқарған мерзімді қызметтегі әскерлерді жөнелту, қайта отырғызу және күтіп алу орындарында құқықтық тәртіпті сақтау үшін әскери полиция мен ішкі істер министрлігі бірлесіп, тиісті жұмысты ұйымдастырады.
"Тіркелген жеріне келіп, запасқа шығарылған әскери қызметшілер күнтізбелік 7 күн ішінде әскери есепке тұруға міндетті. Қызметті "Азаматтарға арналған үкімет" және "электрондық үкімет" www.egov.kz веб-порталдары арқылы алуға болады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2021 жылы Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарынан босатылғандар саны 33 мың, ал әскерге шақырылғандар саны 32 мыңнан асқан.