Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мақұлданды
Заң жобасының тұжырымдамасы 2020 жылғы 15 қаңтарда мәжілістің жалпы отырысының бірінші оқылымында құпталған.
"Заң жобасы Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы қабылдаған Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарын іске асыру үшін дайындалды. Заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттің қорғанысқа және әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындық жүйесін жетілдіру, ҚР соғыс жағдайы саласындағы заңнамалық актілерін әскери қақтығыстар сипатындағы әлеуетін әскери қатерлерге және өзгерістерге сәйкестендіру", – деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман.
Оның сөзінше, жұмыс барысында депутаттар заң жобасында қарастырылған
мемлекеттің қорғаныс жоспары құжаттарын мемлекеттік құпияға жатқызу, ҚР қорғаныс жоспары ұғымын енгізу, ҚР қорғаныс жоспарын, облыстық және республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтық қорғаныс жоспарын іске асыру жөніндегі құжаттарды әзірлеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзіретін бекіту, қорғаныс жоспарын және оны іске асыру жөніндегі құжаттарды әзірлеу бойынша мемлекеттік органдардың құзіретін нақтылау, облыстың, республикалық маңыз бар қаланың, астананың қорғаныс кеңістігінің құзіретін нақтылау, әскери кафедраларда сержанттық құрамның резервін даярлау сынды мәселелерге бірқатар түзету енгізген.
"Аталған заң жобасын қабылдау соғыс жағдайы кезеңінде мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тетігін жетілдіруге мүмкіндік береді", – деді депутат.
Қанат Махамбет