Бүгін "Жамбыл облысындағы әскери қойманы қасақана өртеді" деп айыпталып жатқан екі сарбаздың соңғы сөзі тыңдалды.
Шымкентте өткен сот отырысында айыпталушы азаматтар өздерін қылмысты мойындау үшін құқық қорғау органы өкілдерінің мәжбүрлегенін мәлімдеді. Олардың айтуынша тергеу кезінде сарбаздарға қатты қысым жасалған. Соған қарамай "жарылысқа қатысымыз жоқ" деген жігіттер бүгін соттан өздерін ақтауды сұрады.
Бүгінгі сот отырысына 2021 жылы Байзақ ауданында болған жарылысты қолдан жасады деп айыпталған екі жауынгермен тағы 4 айыпталушы түгел қатысты. Отырыста олардың барлығы өздерінің кінәсіз екенін жеткізді. Тіпті айыпталушылардың бірі осы іс басталғалы құзырлы органдар тарапынан қысымға ұшырағанын мәлімдеді.
"Бізге сол кезде тергеу басталғанда комитетчиктер ВСУ-чиктер келіп "е, солдат пешка ... қыс деп айтты ғой. Мойныңа алсайшы, мынандай солдат деп көрсетсейші"- деп. Мен сонда үндемеуім керек пе?! Сонда қазақтың әрбір намысшыл Оян қазақ деген азаматтарын түрмеге қамап соттап жіберу керек пе!?", – дейді айыпталушы Ерболат Тұранов.
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы екі күдікті сарбаз матаны өртеп, оқ-дәрілер тұрған қоймаға терезеден әдейі лақтырған деп мәлімдеген болатын. Соған сүйенген прокурор судьядан сарбаздарды 13 жылға соттауды сұраған еді.
Бірақ, бүгін соңғы сөздерін айтқан айыпталушылар барлығының жала екенін айтып, өздерінің ақ екенін дәлелдеуден танбады.
"Бәрі біліп тұр біздің істемегенімізді. Халық та бәрі біледі. Өйткені 18 адам бізге кешірім берді. Қанша жәбірленушілер болды, бізге кешірім беріп жатыр. Бәрі біледі біздің істемегенімізді. Өйткені, біз істеген жоқпыз. Біз кінәлі емеспіз. Құрметті сот ақтауыңызды сұраймын сізден", – деді айыпталушы Әсет Әшірбай.
Негізінде 2 жыл бұрын болған оқиғаға байланысты сот осыдан бес ай бұрын басталған. Содан бері бірнеше отырыс өтті. Соның барлығына қатысқан қорғаушы Сағадат Әмір сарбаздардың кінәсі толық дәлелденбеді деп отыр.
"Менің қорғауымдағы азаматтар қоймаға жанып жатқан затты лақтырды дегенмен келісу қиын. Өйткені ол жердегі терезе темір тормен бекітілген. Одан кейін сарбаздардың тұратын жері мен дуалдың қалыңдығы 60-70 см екенін де ескеру керек. Біз барлығын ұсындық. Енді әділ үкім күтеміз", – дейді қорғаушы Сағадат Әмір.
17 адамның өмірін қиған оқиғаға қатысты соттың үкімі келесі айда шығады деп жоспарланып отыр. Қандай кесім айтатыны сол кезде белгілі болады. Бірақ, прокурордың талабы орындалса қарсы тарап қайта шағымданбақ.