"Әскери комиссариат қызметкері болып киінген": Жас жігітті қорқытқан блогер ұсталды

431

Көшедегі жігіттің зәресін алған желі қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.    

"Әскери комиссариат қызметкері болып киінген": Жас жігітті қорқытқан блогер ұсталды Фото: Видеодан скриншот

Желіде кеңінен тараған видеоны Біржан Әубәкіров есімді блогер түсірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кадрда полиция формасын киген ер адам орындықта отырған жас жігіттің артынан келіп, оны қорқытады. Жас жігіт өзін "военкоматтан" іздеп жүр деп ойлап, орнынан атып тұрып қашып кеткен. Ал қуғын өзен жағасына дейін жалғасады, ақыры жігіт суға секіреді. Полиция формасындағы рөлді блогердің өзі сомдаған.

Оқиға құқық қорғау органдарының назарын аударып, тиісті тексеру басталды. Байқоңыр ауданының полиция басқармасының хабарлауынша, видеодан құқық бұзушы анықталып, оған қатысты әкімшілік шара қолданылған.

– Осы дерек бойынша құқық бұзушы анықталды. Оның әрекетіне қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, азаматтардың өміріне қауіп төндіру және арнайы нысанды айырым белгілері бар киімді заңсыз кию деректері де ескерілді, – деп мәлімдеді Байқоңыр ауданының полиция басқармасы.

Дерекке сәйкес, құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалып, іс материалдары әкімшілік сотқа жолданған.

Жаза кеткен жөн, бұған дейін Қазақстанда адамдарды рұқсатсыз фото-видеоға түсіруге әрі пранк жасауға тыйым салу туралы ұсыныс айтылған болатын. Соңғы кездері мұндай "әзіл" видеолардың бірнешеуі қоғамда даулы пікір туғызып, кейбірі құқықтық салдарға ұласып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу