Алматыда "Жас сарбаз" әскери-спорттық лагері өз жұмысын бастады. Мұндай демалыспен еліміздің әр өңірінде қызмет етіп жүрген әскерилердің балалары қамтылады, деп хабарлайды almaty.tv.
Бірінші маусымға 78 бала қатысып отыр. Оқушылар үшін ауқымды бағдарлама қарастырылған. 10 күн аралығында жасөсіпірімдер 5 мезгіл тамақпен қамтылып, түрлі спорттық үйірмелерге қатысады және қаланың көрікті жерлерін аралайды.
"Лагерь мақсаты - әскери қызметшілердің балаларын бір-бірімен таныстыру, достастыру. Жазғы демалыстарын жақсы көңіл-күйде өткізу. Біздің әскери спорттың әлем чемпиондарымен, Олимпиада чемпиондарымен таныстырып, спортқа баулыту мақсаты болып табылады", – деді ҚР қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы Расул Мейірманов.
Екінші маусымда лагерьге 98 оқушы келеді. Олардың қатарында Үшарал, Аягөз, Ақтау гарнизондарында қызмет ететін әскерилердің балалары бар. Аталған шара екінші рет өткізіліп отыр.