Әскери қызметші "Әли" оқу-жаттығу орталығынан – Алматы облысының Шелек ауылы бағыты бойынша 350 шақырым жолды 48 сағат ішінде жүгіремін деп шешкен, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов алдына мақсат қойды. Табандылық пен жеңіске деген ерік-жігердің арқасында ол рекорд орнататынына сенімдімін. Құрлық әскерлері әскери институтының жеке құрамы үшін Рауан ерік-жігердің үлгісіне айналды. Нағыз жауынгер осындай болуы керек. Оған сәттілік тілейміз", – деді спортшыға Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов.
Мерекені ерекше атап өтпек болған Рауан Әбілханов - жеңіл атлет. Ол жүгірумен 10 жылдан бері айналысады. Сонымен қатар Қарулы күштер базаларында өткен марафондардың жеңімпазы.
Ведомства хабарлауынша, марафон қашықтығы бағытында спортшыға әскери институт дәрігерлерінің бригадасы, достары, әріптестері мен Қазақстан Рекордтар кітабының өкілдері ілеседі.
Әскери қызметшінің бұл бастамасын жанұясы да қолдайды. Әбілхановтар алты қыз бен ұл тәрбиелеп, жуырда тағы бір нәресте күтіп отырған үлгілі отбасы.