Қарағанды қаласындағы 52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері адам өмірін құтқарды. Суға батып бара жатқан екі адамды көрген әскери қызметшілер ойланбастан суға секірді.
18 шілде күні кешкі сағат 21:00 шамасында отбасылық демалыста болған бөлімше командирі кіші сержант Темірлан Қайратұлы Малмаков пен ефрейтор Дмитрий Андреевич Канискин Қарағанды қаласының демалатын су орнында жүргенде, шамамен 30 жастағы ер адам жартастан секіріп, аяғынан ашық сынық алып, суға бата бастайды. Сол сәтте кіші сержант Т.Малмаков пен ефрейтор Д.Канискин суға секіріп, батып бара жатқан адамды құтқарып алды.
Кейін медицина қызметкерлері оқиға орнына кеткеннен кейін біздің әскери қызметшілер тағы да суға батып бара жатқан әйелдің көмек сұраған дауысын естиді. Әйел адам эпилепсия ауруымен сырқаттанған екен. Зардап шеккен әйелді жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Шаралар қабылданғаннан кейін әйел адам өз-өзіне келді.
ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің табандылығы, батылдығы, жанқиярлығы мен кәсібилігінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алып, екі адамның өмірі құтқарылды.