Қазақстан әскери қызметшілерінің балалары арасында алғаш рет әскери спорт ойындары ұйымдастырылды. Аталмыш ойын Алматы шаһарында 16-18 сәуір аралығында өтеді, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Еліміздің әр өңірінен жиналған жас спортшылар спорттың төрт түрінен – шағын футбол, қазақша күрес, үстел теннисі және эстафетадан бақ сынасады.
Турнир аясында балаларға арнап танымал спортшылар, халықаралық және республикалық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері шеберлік сабақтарын өткізеді.
Айта кетейік, қаңтардан бастап Қазақстан қарулы күштерінде әскери қызметшілердің балалары үшін ақысыз спорттық секциялар жұмыс істеп келеді. Онда 6-16 жастағы балғындар қазақша күрес, үстел теннисі, армиялық қоян-қолтық ұрыс және өзге де көптеген спорт түрімен кәсіби тұрғыда шұғылдана алады.