Аталмыш оқиға 13 тамызда Қаракемер ауылынан бірнеше шақырым жерде орын алған болатын. Әскери қызметшінің бұл ерлігі жуырда ғана кафе иелерінің атынан әскери бөлімге келген алғыс хат арқылы белгілі болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сол күні сағат 14:00-де Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Бақыт Ташкенбаев отбасымен Есік елді мекеніне жолға шыққан. Әскери қызметші жол бойындағы "Алатау холл" кафесінен шыққан қалың түтінді байқайды. Офицер бірден оқиға орнына жақын жерде тоқтап, көмек сұраған дауыс шыққан жаққа жүгірген.
"Сол кезде мейрамханада өрттің алдын алуға тырысқан әйелдер ғана болды. Ең алдымен, мен от шыққан ас үйге жүгірдім. Түтін арасынан екі газ баллонды көрдім, оны ажыратып, көшеге шығардым. Осыдан кейін әйелдер өрт екінші қабатқа өтеді деп айқайлады. Салтанат залына жүгіріп барып, екінші қабаттан жиһаздарды шығарып, ғимараттың төбесіне оттың өтуіне жол бермеу үшін перделерді жұлып ала бастадым", – дейді Бақыт Жүнісұлы.
Ұлттық ұланның әскери қызметшісі өрт сөндіру машинасы келгенге дейін өртті алғашқы сөндіру құралдарымен өз бетінше сөндірген, эвакуациялық өткелдерді бөгде заттардан босатып және азаматтарды қауіпсіз жерге шығарған. Өрт сөндіру командасы келгеннен кейін ол батылдық пен кәсібилік көрсетіп, көмек көрсетуді жалғастырған.