Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Сенат кулуарында әскери қызметшілердің несиесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенат Мәжіліс қабылдаған несие беру кезінде тәуекелдерді азайтуға қатысты заңды Мәжіліске қайтарды. Запасқа жаңадан босатылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін уақыт беру мақсатында заңмен ұсынылатын мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту ұсынылып отыр.
Оған сәйкес ипотекалық шарттар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша қосымша келісімдер жасасу бойынша жекелеген талаптар қолданылмайды.
"Банктер мен микроқаржылық ұйымдар әскери қызметкерлерге автоматты түрде (несиені өтеу бойынша) мерзімін кейінге қалдырады. Сенаторлардың ұсынысы бойынша қосымша 60 күн қосылады. Біз мұны қолдаймыз. Біріншіден, бұл әскери қызметкердің тұтынушылық құқықтарын қорғауға бағытталған. Жалпы бұл нормаға қаржы ұйымдары қарсы болған жоқ", - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Сенат кулуарында.
Өз кезегінде сенатор Сергей Карплюктың сөзінше, тиісті норма мерзімді әскери қызметті өткеріп келгендердің жұмысқа орналасып, төлем қабілеттігін қалпына келтіруге септігін тигізеді.