Әскери оқу орындарының үздік түлектеріне "аға лейтенант" дәрежесі бірден берілуі мүмкін

793

Бұл туралы Президент Ақордада мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде айтты.    

Әскери оқу орындарының үздік түлектеріне "аға лейтенант" дәрежесі бірден берілуі мүмкін Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы күштік құрылымдарға жастарды тарту жұмыстары жанданғанын айтып, әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру бойынша нақты тапсырмалар берілгенін жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазіргі таңда Парламентте оқуын үздік тәмамдаған түлектерге бірден "аға лейтенант" әскери атағын беру туралы түзетулер қаралуда.

– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Мен әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден "аға лейтенант" дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, биылғы және алдағы жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы тиіс. Бұл қадамдар жалпы елдің қорғаныс жүйесін күшейтіп, кәсіби әрі білікті мамандар даярлауға жол ашады.

Айта кетейік, елімізде 7 мамыр күні Қазақстан Отан қорғаушылар күні атап өтіледі. Бұл – мемлекеттік мереке әрі ресми демалыс күні. Биыл Қазақстан Қарулы күштері құрылғанына 34 жыл толып отыр.

Отан қорғаушылар күніне мемлекеттік мереке мәртебесі 2012 жылы берілген. Сол кезде "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға өзгерістер енгізіліп, 7 мамыр ресми мереке күні ретінде бекітілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу