7 мамырда Астанада қарулы күштердің 25 жылдығына арналған әскери парад өтеді. Ауқымды шараға дайындық басталып та кетті, деп хабарлайды baq.kz.
"Егемен Қазақстанның тарихында айрықша датаға, яғни қарулы күштердің құрылуының 25 жылдығына тұспа-тұс келген алдағы әскери парадтың өзіндік ерекшелігі бар. Тартылған жеке құрам мен әскери техниканың саны жөнінен бұл шеру бұдан бұрын өткізілген парадтардан өзгеше болады", – деген болатын қорғаныс министрлігі.
Парадқа қатысушылар күн сайын жаттығып, әскери техниканы жоспарлы тексеру және техникалық қызмет көрсету шаралары пысықталып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген әскерилер палаткалы қалашықта тұрады. Әскери техника ұрыс машиналарының арнайы паркте орналастырылған.
Далалық лагерьде жеке құрамға арналған барлық жағдай жасалған. Палаткалар, медициналық пункттер, тамақтану пункттері және далалық монша сияқты қажеттіліктің барлығы да тиісті деңгейде.
Ауқымды шараға 300 әскери техника бірлігі жұмылдырылады. Қазақстан авиациясының қуаты мен әскерге дайындығын 80 әуе техникасының бірлігі таныстырады.
Сонымен қатар, 2016 және 2017 жылдары әскеріміздің арсеналын толықтырған су жаңа әскери техника, заманауи қару-жарақ үлгілері алғаш рет таныстырылады.