Әскери ұшқыштар табиғи өрттерді сөндіргені үшін марапатталды

285

Мемлекеттік наградалар Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Павлодар өңіріндегі табиғи өрттерді сөндіруге белсенді қатысқан әскери ұшқыштарға берілді.  

Әскери ұшқыштар табиғи өрттерді сөндіргені үшін марапатталды Фото: gov.kz

Қазақстанның әскери ұшқыштарына Абай және Павлодар облыстарындағы табиғи өрттерді сөндіруге қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалар табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әуе күштерінің экипаждары өртке қарсы жұмыстар кезінде 115-тен астам рет әуеден су төгіп, жалпы көлемі шамамен 230 тонна су пайдаланған.

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов әскери қызметшілерге кәсібилігі, батылдығы және әскери борышына адалдығы үшін алғыс білдірді.

– Сіздер аса күрделі жағдайда жоғары кәсіби шеберлік, батылдық пен әскери антқа адалдық таныттыңыздар. Ауқымды табиғи өрттерді сөндіру кезінде шешімді әрі үйлесімді әрекет еттіңіздер. Қауіпті сәтке қарамастан, елді мекендерді, адамдардың өмірін және еліміздің табиғи байлығын қорғадыңыздар. Сіздердің шеберліктеріңіз бен ерліктеріңіздің арқасында тілсіз жаудың ауыр зардаптарының алдын алдыңыздар, – деді ол.

54835 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Айдын Сағиев Бауыржан Момышұлы атындағы "Айбын" II дәрежелі орденімен марапатталды.

"Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі авиациялық борттың аға техниктері капитан Сергей Грибанов пен капитан Асхат Ізмағамбетовке берілді. Ал полковник Дәурен Қарақатов Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасына ие болды.

Марапатталған әскери қызметшілердің барлығы 1-сыныпты мамандар. Олардың әрқайсысының 1500 сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу