Сенатта "Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды. Шара шеңберінде Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Жоғарыдағы құжатқа 2018 жылғы қыркүйекте Анкарада қол қойылған. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелерінің мәлімдеуінше, екі екі елдің әскери саладағы ынтымақтастығы 1993 жылғы 8 тамыздағы әскери білім саласындағы және 1994 жылғы 23 ақпандағы әскери ғылым, техника және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылып келеді.
"Түркия Қазақстанның маңызды әрі негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі.
Жоғарыда аталған халықаралық шарттардың кейбір ережелері екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмеуі және оларда іс-шараларды өткізу бойынша қаржылық шығыстармен қамтамасыз ету тәртібінің болмауына байланысты әскери ынтымақтастық саласында жаңа келісім жасау туралы шешім қабылданды", – деді қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Оның сөзінше, толықтырулар мен өзгерістер екі ел арасындағы байланыстың буынын бекітіп, тамырын тереңдетуге бағытталған.
"Келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі, сондай-ақ басқа да мәселелерді көздейді. Келісімді іске асыру бойынша шаралар тараптармен бірлесіп әзірлеген ынтымақтастық жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Келісімді іске асыру Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндігін кеңейтуді қамтамасыз етеді және Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді", – деді қорғаныс вице-министрі.
Қанат Махамбет