Жаңа жылда "Әскерилендірілген күзет қызметі" АҚ Шымкент филиалы командасының атқышы Марат Сиховтың көп балалы отбасы жаңа үйге қоныстанатын болады, деп хабарлайды "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Жақында "Әскерилендірілген күзет қызметі" АҚ (ӘКҚ) Шымкент және Қызылорда өңірлеріндегі филиалының Арыс өзені арқылы өтетін теміржол көпірінің күзетшісі , "Қостүйін" атқыштар командасының жауынгері Марат Сиховтың үйі өртеніп кеткен болатын. Отбасы мүшелері зардап шеккен жоқ. Алайда қыс маусымындағы айтып келмес апаттан үйдің барлық мүлкі өртеніп кеткен еді.
Маратқа "Әскерилендірілген күзет қызметі" АҚ басшылығы мен ұжымы қолдауымен барлық өңірдегі әріптестері материалдық көмек беруге ұмтылды.
Теміржол нысанын күзетушілер жинаған қаржы үйі өртеніп кеткен қызметкерінің бастапқыдағы қажетті заттар мен үй сатып алуына да болатындай етіп жиналды. Жиналған қаржыға Марат Сихов Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Ш. Қалдаяқов селосынан үй сатып алды.
"Қоғамның ұжымы мен "ӘКҚ" АҚ президентіне көрсеткен көмектері үшін алғысым шексіз. Сіздердің көмектеріңіз менің отбасым үшін үлкен қолдау болды. Менің жалғыз өзімнің ешнәрсеге де мүмкіндігім жетпейтіндей еді", - деп Марат Сихов әріптестеріне ризашылық сезімін білдірді.