Қорғаныс ведомствосының жоспарына сәйкес, 99255 әскери бөлімінің аумағында өткен жаттығуларға 70 әскери міндетті қатысты. Аумақтық қорғаныс құрамасы әскери қызметшілерінің негізгі міндеті диверсанттардың стратегиялық объектінің аумағына кіруіне жол бермеу болды.
Жиынға елордадан шақырылған әскери міндеттілерге далалық оқыту мен үйлесімділіктің теориялық және практикалық курсы, оның ішінде атыс дайындығы жаттығулары өткізілді. Мұндай оқу-жаттығулар жылына екі рет – күз бен көктемде өтіп тұрады.
"Бұл жерде оқу-жаттығудың белсенді кезеңі өтті. Сценарийге сәйкес, террористер тобы аумақтық қорғаныс батальоны күзететін стратегиялық нысанды басып алуға әрекет етеді. Іс-шара Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерінің бөлімшелерін тарта отырып, қала әкімдігінің қолдауымен өткізілді", – дейді Астана әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі подполковник Мейрам Елшібаев.
Ақтөбе облысында "Бөгет-2023" жаттығуы аяқталды. Мұнда аумақтық қорғаныс құрамасы күзет ротасының бөгетті заңсыз қарулы топтардың ықтимал диверсияларынан қорғауға дайындығы тексерілді.
"Бөгет-2023" тактикалық-арнайы жаттығуларының қорытынды кезеңін өткізу үшін Ақтөбе су қоймасы таңдап алынды. Оған Ақтөбе қаласынан 78 әскери міндетті қатысты.
Жүргізілген маневрлердің негізгі тақырыбы "Аумақтық қорғаныс құрамасы күзет ротасының бөлінген күштермен және құралдармен бірлесе отырып, заңсыз қарулы құралымды жоюда арнайы әскери іс-қимылдарды жүргізуі" болды. Жаттығу аясында әскери қызметшілер атыс қаруы мен граната атқыштарды пайдаланды.
Еліміздің бірқатар өңірінде өтіп жатқан жаттығулардың маңызды құрамдас бөлігі әртүрлі құрылымдарға тиесілі күштер мен құралдардың, оның ішінде аумақтық әскерлер құрамасының, Полиция департаментінің, Ұлттық ұлан мен Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің өзара белсенді іс-әрекеті болды.