Әскерилер таксист болып қосымша жұмыс істеп жүр – депутат

501

Атқыштар бөліміндегі жауынгердің базалық жалақысы 98 мың теңге шамасында.

Әскерилер таксист болып қосымша жұмыс істеп жүр – депутат Фото: Қорғаныс министрлігі

ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының басшысы Сұлтан Қамалетдинов жалақысы төмен әскерилердің жұмысынан тыс уақытында такси қызметінде жүруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты inform.kz порталына сілтеме жасап.

Бүгін Парламент Мәжілісінде әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін талқылау кезінде депутат Константин Авершин біраз әскери қызметшілердің жалақысы тым төмен екенін айтты.

"Мемлекет басшысы бізде заманауи, жақсы қаруланған армия болуы керектігін қадап айтты. Бұл ретте, әскерилерді әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керек. Депутаттар әскердегі жағдаймен танысып шықты, яғни біз осы мәселеге қатысты көшпелі отырыстарды тұрақты өткізіп жүрміз. Мәселен, атқыштар бөліміндегі жауынгердің базалық жалақысы 98 мың теңге шамасында. Төмен жалақының салдарынан әскерилер отбасын асырау үшін қосымша таксист болып жұмыс істеуге мәжбүр", - деді К. Авершин Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында.

Осы орайда ол аталған мәселеге қатысты мемлекеттік органдар нақты әрі дұрыс ұсыныстар жасауы керек екенін айтты.

Комитет отырысынан кейін тілшілер ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдиновке әскерилердің таксист ретінде қосымша жұмыс істеуіне қатысты сұрақ қойды.

"Әрине, әскери қызметшілер өзінің негізгі жұмысынан кейін демалуы керек. Осы мәселе тек Қорғаныс министрлігі мен Үкіметке ғана қатысты емес. Бұл біздің жалпыұлттық проблемамыз және оны бірлесіп шешу керек", - деді Сұлтан Қамалетдинов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, тек 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы Күштер қатарынан 17 065 әскери қызметші босатылды.

Бұған жалақының төмен болуы жағдайы әсер етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу