Әскерилер тексеруден өтіп жатыр

461

Қазан айында әскери басқару органдары, Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдері жеке құрамның 100% қатысатын тексеру шаралары өтеді.

Әскерилер тексеруден өтіп жатыр Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы Күштердің жауынгерлік және кадрлық әлеуетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігінің әскерлері мен мекемелерінде қорытынды тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазан айында әскери басқару органдары, Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдері жеке құрамның 100% қатысатын тексеру шаралары өтеді.

"Қорытынды тексеру – әскери қызметшілердің білім деңгейін, дағдысын және машығын бағалауға, сондай-ақ бөлімшелер мен олардың басқару органдарының үйлесімділік дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін кешенді сынақ түрі", – деп нақтылады Қарулы Күштер Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы полковник Анатолий Довганюк.

Аталған шаралар үш кезең бойынша ұйымдастырылған. Алғашқы екеуінде – құрамалар мен әскери бөлімдер, соңында – Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың құрылымдық бөлімшелері, Қарулы Күштер түрлерінің, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің басқару органдары тексеріледі.

Осы мақсатта барлық өңірлерде Бас штаб Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың, Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, әскер тектері қолбасшыларының, әскери бөлімдер мен мекемелер командирлерінің арнайы құрылған кешенді комиссиялары жұмысын жоспарлады.

Кешенді комиссиялар жедел және жауынгерлік даярлықтың, жауынгерлік кезекшіліктің, әскерлер қызметінің және диверсияға қарсы қауіпсіздіктің, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, бағынысты құрамалар мен әскери бөлімдерде жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы мәселелері бойынша лауазымды адамдардың жұмысын ұйымдастыру сапасын тексереді.

Бұған қоса басқару пункттерінде, оқу сыныптарында және полигондарда әскери қызметшілер мен бөлімшелердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығы да тексеріледі. Тексерілетін оқу пәндерінің қатарына – тактикалық, тактикалық-арнайы және арнайы атыс, техникалық, инженерлік және дене шынықтыру даярлығы, жауынгерлік және арнайы машиналарды жүргізу кіреді. Мемлекеттік-құқықтық негіздер және жалпы әскери жарғыларды білу деңгейі де назардан тыс қалмайды.

Практикалық сабақтардың кем дегенде 30%-ы түнде өтеді. Одан басқа, бақылау сабақтары барысында әртүрлі жауынгерлік және арнайы іс-қимылдар түрлерінде бөлімшелердің атысын басқару бойынша практикалық іс-қимылдар тексеріледі. 

Кіші буын командирлеріне, әскери бөлімдер мен бөлімшелердің штабтары назарға алынады. Олардың деңгейі командалық даярлық пәндері бойынша сынақтар, сондай-ақ штабтық жаттығулар мен тактикалық жиын өткізу барысында тексеріледі.

Тексеру қорытындысы бойынша әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетінің нақты жай-күйі, сондай-ақ оқу жылындағы жауынгерлік даярлық нәтижелері бағаланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу