Теңіз арқылы көршілесетін ел тұрғындары іздеу операциясына қатысып жатқан адамдарға азық-түлік пен су жеткізген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Достлуг" диаспорасының өкілі Эльмир Шахсуваровтың сөзінше, Ақтауды мекен еткен әзербайжандар қайғылы оқиғаны естісімен, алаңсыз жата алмаған.
"Біз Ақтауда тұрамыз, осында жұмыс істейміз. Сол себепті, осы жағдайға бейжай қарай алмаймыз. Әзербайжандар шамасына қарай көмек көрсетуді бастап кетті. Азық-түлік пен су әкелдік. Қаза тапқандардың барлығы табылғанша осында боламыз. Біз – бауырлас халықпыз. Осындай қиын-қыстау шақта бір-бірімізді қолдауымыз керек", – деді ол.
Ол Ақтау маңында AZAL ұшағы апатқа ұшыраған кезде қазақстандықтардың бірінші болып көмекке ұмтылғанын ұмытпайды. Десе де, қазіргі қолдауды "қарызды қайтару" деп қабылдамау керек.
"Бұл AZAL ұшағы үшін ғана көрсетілген алғыс емес. Біз осында тұрып, жұмыс істейміз. Біз бір-бірімізге көмектесуге міндеттіміз", – деп сөзін түйіндеді ол.