Қазақстанда әскери қызметшілердің жалақысы 25% артатын болды. Отан қорғаушылар күніне орай елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай жарлыққа қол қойды. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскерилер көтермелі еңбек ақыны 1 шілдеден бастап алуы тиіс.
Сондай-ақ президент бірқатар құқық қорғау құрылымы мен ел қауіпсіздігін және тәуелсіздігін қамтамасыз етуде айырықша еңбек еткен әскерилерге "Даңқ", Айбын", "Ерлігі үшін" және "Жауынгер ерлігі үшін" медальдарын табыс етті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Туған жерге деген айнымас адалдықтарыңыз бен ерліктеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Еліміздің әскери қызметшісі және құқық қорғау құрылымының қызметкері атағын алдағы уақытта да абыроймен алып жүретіндеріңізге сенімдімін. Біз сіздердің қиындыққа толы қызметтегі, халық игілігі жолындағы ерен еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз.
Автор: Жалғас Зейнолла