Төлем жасау қағидасы жаңарды: Ерекше әрі күрделі тапсырманы орындаған әскерилер ақшалай ынталандырылады

253

21 сәуірде күшіне енген бұйрыққа сай, енді мерейтойлы жасқа толған әскери қызметшілерге арнайы сыйақы беріледі.

Төлем жасау қағидасы жаңарды:  Ерекше әрі күрделі тапсырманы орындаған әскерилер ақшалай ынталандырылады Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілеріге ақшалай үлес, жәрдемақылар және өзге де төлемдерді төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Енді әскерилерге 425 мың теңгеге дейін көмек беріледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қағидаларға "істер мен лауазымды қабылдау күні" және "істер мен лауазымды тапсыру күні" деген жаңа ұғымдар енгізілген. Бұл күндер командир бұйрығымен бекітіліп, ақшалай үлесті есептеу кезінде ескеріледі.

Сонымен қатар жекелеген төлемдерді есептеу тәртібі де нақтыланды. Мысалы, әскери қызметтен теріс себептермен босатылған жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы айдағы нақты күнтізбелік күндерге пропорционалды түрде есептеледі. Құжатта сыйақы беру тәртібі де айқындалған.

Әскери қызметшілер ерекше маңызды әрі күрделі тапсырмаларды орындағаны, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін ынталандырылуы мүмкін. Сыйақылар мемлекеттік және кәсіби мерекелерге, сондай-ақ мерейтойлық күндерге орай беріледі. Мерейтойлық жас 40 жастан бастап әрбір бес жыл сайын есептеледі.

Өзгерістердің әлеуметтік қолдау бөлігіне сәйкес әскери қызметшілерге берілетін материалдық көмектің мөлшері ұлғайтылған. Енді оның көлемі ең төменгі жалақыға байланысты есептеледі, бұл биыл 85 000 теңгені құрайды.

Материалдық көмек бюджет қаражатының үнемделуі есебінен төленеді. Жақын туыстарының, жұбайының немесе қайын жұртының қайтыс болуы жағдайында ол ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшеріне дейін (425 мың теңгеге дейін) жетуі мүмкін.

Ал некеге тұру, бала туу, бала асырап алу, мүліктік залал немесе емделу қажет болған жағдайда үш еселенген мөлшерге дейін (255 мың теңгеге дейін) беріледі.

Министрлік мәліметінше, бұл өзгерістер төлемдер жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға және әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу