"Астана – Нұрлы жол – Риддер" бағытындағы №375/376 жолаушылар пойызы 2019 жылдың 22 мамырынан бастап Семей – Шар – Өскемен теміржол телімі арқылы (Семей – Локоть – Өскемен орнына) жүреді, деп хабарлайды "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Бұл бағытқа тасымалдаушыға келіп түскен өтініштерге байланысты өзгеріс енгізілген.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитеті мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, тиісті жұмыстар атқарылыпты.
Аталған бағытты өзгерту жолаушылардың жүру уақытын шамамен 5 сағатқа қысқартады. Сондай-ақ, мемлекеттік шекара бекеттеріндегі аялдамалар алынып тасталды. Жалпы жол жүру уақыты 23 сағат 23 минутты құрайды.
"Жаңа кестеге сәйкес пойыз Астана – Нұрлы жол станциясынан 19 сағат 30 минутта жөнелтіліп, Риддер станциясына 18сағат 07 минутта келеді. Риддер станциясынан жөнелтілу уақыты 21 сағат 55 минут болса, Астана-Нұрлы жол станциясына келу уақыты 20 сағат 43 минут", – делінген хабарламада.