Алты күнге созылған жарыстың нәтижесінде 2026 жылы Астанада Болашақ ойындарын өткізетін Қазақстанға эстафета салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Турнир бағдарламасына физикалық және цифрлық форматтарды біріктіретін 11 фиджитал-дисциплина енді. Олар: фиджитал футбол, фиджитал баскетбол 3×3 FreeStyle, фиджитал-файтинг FATAL FURY: City of the Wolves, фиджитал-шутер CS2, Battle Royale (Fortnite), фиджитал-дансинг Just Dance, Dota 2, MLBB, VR-ойын HADO Global Invitation, фиджитал-дрон-рейсинг және роботтар шайқасы. Ареналардағы және онлайн-трансляциялардағы мыңдаған көрермен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген спортшы мен ондаған команда болашақ спорт түрлерінің бүгінде-ақ жаһандық күн тәртібінің ажырамас бөлігіне айналғанын айқын көрсетті.
Қазақстаннан турнирге халықаралық аренада жарқын өнер көрсеткен командалар болды.
PBC Astana командасы Phygital Basketball.3on3 FreeStyle дисциплинасында финалдық кезеңге сәтті шығып, мінезі мен тактикалық дайындығын, жоғары командалық үйлесімділігін паш етті. Турнир қорытындысы бойынша команда үшінші орынды иеленді.
UEL TEAM командасы Phygital Football дисциплинасында цифрлық кезеңнің барлық матчтарында жеңіске жеткенімен, физикалық компоненттегі екі кездесу жалпы нәтижеге әсер етіп, команда плей-оффтың келесі кезеңіне өте алмады. Бұл нәтижелер маңызды спорттық жетістік қана емес, сонымен қатар Қазақстанның жаһандық фиджитал қозғалысындағы рөлінің артып келе жатқанын айғақтайды.
Абу-Дабидегі турнир барысында "Астана 2026 Болашақ ойындары дирекциясының" ресми делегациясы жұмыс істеп, жарыстарды ұйымдастырудың басқарушылық, техникалық және операциялық қырларын зерделеді. Жиналған тәжірибе мен құзыреттер 2026 жылы Астанада өтетін Болашақ ойындарын дайындаудың негізіне айналады. Бұл жолы Қазақстан халықаралық жаңа форматтағы турнирге қатысушы ғана емес, ұйымдастырушы ел ретінде де алғаш рет шығады.
Фиджитал-спорт (physical және digital сөздерінен) дәстүрлі физикалық белсенділік цифрлық технологиялар мен ойын механикаларымен табиғи түрде ұштасатын спорттың жаңа буыны. Классикалық спорт пен киберспорттан айырмашылығы фиджитал-жарыстар екі бағытты бір мезгілде біріктіріп, жас спортшылардың ойындық ойлауын, шешім қабылдау жылдамдығын және цифрлық сауаттылығын дамытумен қатар, физикалық төзімділік, күш пен командалық рухты да қалыптастырады. Қазақстан үшін бұл бағыт жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, киберспорт пен дәстүрлі спорт түрлері арасындағы көпірді нығайтып, жаңа спорттық экожүйе қалыптастыруға жол ашады.
The Games of the Future Abu Dhabi 2025 аяқталуымен жаһандық фиджитал қауымдастықтың назары Қазақстанға ауысты. 2026 жылы Астана фиджитал-спорттың жаңа астанасына айналып, әлемнің үздік командалары мен спортшыларын қабылдайды. Астанада өтетін Болашақ ойындары ірі спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар елдегі инновациялар, білім, спорт және цифрлық мәдениетті дамытудың қуатты драйвері болып, Қазақстанның жаһандық аренадағы позициясын нығайтады деп күтіледі.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев 2026 жылдың шілде-тамыз айларына жоспарланған халықаралық "Болашақ ойындарын" кейінге шегеруді ұсынды.
Еске салайық, "Болашақ ойындарын" Қазақстанда өткізу туралы бастаманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Қазан қаласында көтерген болатын. 2025 жылы өтуі тиіс болған турнир Қазақстандағы су тасқынына байланысты 2026 жылға шегерілді.