Мамыр айының соңына дейін елордаға жаңа 423 автобус жеткізіледі. Мұны Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бекмырза Игенбердинов мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
"Қалада күн сайын қоғамдық көлікпен 800 мыңнан астам сапар жасалады. Ал автобустың жалпы саны – 1025. Шамамен 250 автобус техникалық талаптарға, соған сәйкес жолаушылар мен жүк тасымалдау талаптарына сай келмейді. Бұған қоса, ЭКСПО қарсаңында және көрме өтетін кезеңде күн сайынғы жолаушылар ағынының көлемі 200 мыңнан астам сапарға көбейеді. Қалалық қажеттілік аясында және ЭКСПО кезінде қоғамдық көліктерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, халықаралық және өңірлік делегацияларға тапсырыс берілетін автобустарды ұйымдастыру үшін әкімдік қосымша 423 автобус сатып алады. Барлық автобус мамыр айының соңына дейін жеткізіледі", – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде қалада 81 қоғамдық көлік бағдары бар. Оның 11-і ЭКСПО аумағы арқылы өтеді. Көрме өткізілетін кезеңде осы 11 бағдарға қызмет көрсету үшін қосымша 103 автобус беріледі.
"Бұл шара қоғамдық көліктердің қозғалыс уақыты аралығын 5-7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік беріп, көрме бағытындағы сапар санын 260 мыңға дейін арттыруға септігін тигізеді. Жолақысы қазіргі деңгейде, яғни 90 теңге болып қала береді", – дейді Бекмырза Игенбердинов.