Астана әкімдігі қаладағы автогаздың тапшылығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Әкімдік қазан айында Атырау зауытында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысына және "ПМХЗ" ЖШС мен "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ зауыттарының үлкен жүктемесіне байланысты Астанада автогаз тапшылығы мәселесі барын растады.
"6 қарашадағы жағдай бойынша қалада газ қалдығы 900 тоннаны құрайды, жолда келе жатқаны – 1476,3 тонна. Оның ішінде бүгін 9 вагон (324 тонна) жеткізілді, 7 қарашада 16 вагон (576 тонна) жеткізіледі деп күтіліп отыр. 7 қарашадан бастап "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ зауыты 25 вагон (900 тонна) газ, 8 қарашада 15 вагон (540 тонна) сұйытылған газ көлемін жөнелтуді бастайды", – делінген әкімдік таратқан мәліметте.
Сондай-ақ, зауыттардың қызметі мен газды уақытылы жөнелту мен жеткізуді қамтамасыз етуді реттеу мәселесі ҚР Энергетика министрлігінің, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ құзыретінде екені айтылған.
"Сұйытылған газдың жетіспеушілігін ескере отырып, сатушылар автогаз құю станцияларында талондық жүйені енгізу арқылы сату бойынша шектеулер енгізді. Бұл шаралар жағдайды қалыпқа келтіргенге дейін газ тапшылығын болдырмауға байланысты қолданылады", - делінген хабарламада.
Бүгін, яғни 6 қарашада қала әкімдігінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын өткізушілердің қатысуымен кеңес өткен.
Қазіргі уақытта мәселе тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында, шектеулерді кезең-кезеңімен бір апта ішінде алып тастау жоспарланып отыр.