Астана әкімі бірқатар басшыға қатаң сөгіс берді

748

Қақпақсыз кәріз құдығына құлап, мерт болған бала үшін жауаптылар тәртіптік жазаға тартылды.

Астана әкімі бірқатар басшыға қатаң сөгіс берді Фото: astana.gov.kz

Астана әкімі Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевқа қақпағы жоқ кәріз құдығына түсіп, көз жұмған 13 жастағы баланың қазасы үшін қатаң сөгіс берді, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.

"Өкінішке қарай, 19 ақпанда тағы бір қайғылы жағдай орын алды – 13 жасар бала құдыққа құлап, мерт болды. Оқиға тағы да Алматы ауданының аумағында орын алды. Құдық "Астана Су Арнасына" қарасты. Қыз бала мерт болғанда, біз сіздердің орынбасарларыңызға сөгіс берумен шектелген едік. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, бұз сіздерге аздық етеді екен. Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевқа тәртіптік жаза түріндегі қатаң сөгіс жариялаймын!", – деді Бақыт Сұлтанов әкімдікте өткен отырыста.

Дәл осындай сөгіс Астананың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Игорь Алексеевке, "Астана Су Арнасы" ҚКК директоры Табиғат Зейнулқабденге, кәріздендіру қызметінің басшысы Қуаныш Сұлтанбаевқа, Алматы ауданы кәріздендіру бөлімінің басшысы Владимир Власенкоға берілді.

Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бүгінде елордада 6 мыңға жуық люкке тор орнатылған.

Еске сала кетсек, 16 ақпанда үйінен шығып оралмаған 13 жасар бала 19 ақпанда кәріз құдығынан өлі  табылған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу