"Астана" концерт залында елорда әкімі Әсет Исекешевтің халықпен есеп беру кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
"Бүгін мен әкім ретінде алғаш рет алдарыңызға есеп беруге шығып отырмын. Бұны әдеттегі жиын емес, келелі кеңес, орамды ой алысу деп білемін. Өйткені қазір заман бірігуді, бірлесе еңбек етуді талап етуде. Сіздер білесіздер, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа кезекті Жолдауын жария етті. Тәуелсіз мемлекетіміздің үшінші модернизацияға аяқ басқанын мәлімдеді. Маңызды құжат бізге жаңа бағыт беріп, жоспарларымызды айқындады. Әрине олардың барлығы да Астананың бүгінгі дамуымен түгелдей астасып отыр", – деді Әсет Исекешев.
2016 жылдағы негізгі экономикалық көрсеткіштерге тоқтала келе әкім Елбасының бастамасымен қолға алынған "Нұрлы жол" инфрақұрыылымды дамыту бағдарламасын іске асыру барысы, ШОБ қолдау, күрделі экономикалық жағдайларда технологиялық индустриаландыру жүргізу туралы айтып берді.
2016 жылы жалпы өңірлік өнім болжамдарға сәйкес 5 трлн теңгені құрайды және 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,7% ұлғайды;
Астана өңірлер бөлінісінде негізгі капиталға тартылған инвестициялар (837,7 млрд теңге, елімізде –11%),шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарының санының арту қарқыны ( 101,1%, еліміз бойынша – 95,4%) бойынша көш басында, сондай-ақ, елордада ең төмен жұмыссыздық деңгейі (4,6%, еліміз бойынша – 4,9%)тіркелді.
"10 заманауи жаңа жоғары технологиялық өндіріс ашылды, соның ішінде 3 – шетелдік капиталдың қатысуымен. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 426 млрд теңгені, инвестициялар 838 млрд теңгені құрады, соның ішінде 60% жеке қаржы. Қазіргі кезде 140 мыңға жуық ШОБ субъектісі бар, өткен жылмен қарағанда өсім байқалады, жалпы өңірлік өнімнің 50% жуығы қалыптасады, және жаңа жұмыс орындарының шамамен 70% ашылады", – деп атап өтті қала басшысы.
Мұнымен қоса, елордада іске асырылып жатқан "Бизнестің жол каратсы – 2020", "Астана бизнес", "Астана-Жастар" жастар арасында кәсіпкерлікті қолдау, "Start Up" және т.б. бағдарламалардың басымдықтары белгіленді. 2016 жылы жалпы құны 32 млрд теңгені құрайтын 206 жоба ға қолдау көрсетілді, бұл 2015 жылғы көрсеткішке қарағанда 2 есеге артық.