Елорда билігі жақын маңдағы тұрғын алабының тұрғындарынан келіп түскен өтінішке жедел жауап қайтарды.
№ 31 көше мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында реттелетін жаяу жүргіншілер бағдаршамы орнатылады. Астана әкімі Әсет Исекешев тұрғындардың өтінішімен тиісті шешім қабылдады.
Астана тұрғыны Надежда Бебенина Facebook әлеуметтік желісі арқылы аудан тұрғындарының атынан қала басшысына Қабанбай батыр даңғылы мен №31 көшенің қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамның жоқтығы туралы өз өтінішін жеткізді.
Бұл жерде әуежайдан қалаға апаратын жол орналасқан, көліктер, әсіресе жүк көліктері жылдамдық режимін сақтамайды.
"Иә, жолдың осы бөлігінде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі орналасқан. Бірақ жүргізушілердің кейбірі белгіні көріп, көліктің жүрісін бәсеңдетпейді. Абырой болғанда, қайғылы жағдайлар орын алған жоқ", – дейді Надежда Бебенина.
Астана әкімі Әсет Исекешев қала тұрғынының өтінішіне жедел жауап қайтарып, тиісті басқармалардың басшыларына қысқа мерзімнің ішінде №31 көше мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында реттелетін бағдаршам орнатуды тапсырды.