Астана әкімі Әсет Исекешев әйелдерді 8 Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Аяулы аналар! Құрметті қыз-келіншектер!
Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақта "Ананың сүйген жері – отқа күймейді, оқ та тимейді" деген тәмсіл бар. Өйткені әйел-аналар барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы. Ана – өмірдің гүлі, тіршіліктің нұры, мейірім мен ізгіліктің жаршысы. Әйел табиғаты – тұтас құдіретке толы тылсым дүние. Отбасының оты да, Отанның бүтіндігі де ең алдымен ананың ақ пейілінен бастау алады. Көктем гүлімен, отбасы ана нұрымен көркем. Ендеше осы бір кең ниетті көктеммен бірге келген әсем мерекеде Сіздерге тек ізгілік тілеймін! Өздеріңізге айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын. Әрдайым ақпейіл де қамқор, адал да үлгілі қалыптарыңыздан талмай жүре беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға мол бақыт, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!