Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы инфрақұрылым нысандары құрылысымен танысты. Бұл туралы әкім өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Қала әкімі шаһарда жылумен, сумен жабдықтау және тағы басқа қуатын арттыратын бірқатар инфрақұрылым нысанын салып жатөанын жазды.
"Биыл орталық жылу магистралінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Хусейн бен Талал көшесінің, Мәңгілік ел даңғылының, №28 көшенің және Тәуелсіздік даңғылының шекарасында орналасқан тұрғын үй кешендері келесі жылыту маусымынан (2024-2025 жж) бастап орталық жылытуға ауыстырылады. Жылу магистралінің өзі ЖЭО-3-тен күш алатын болады", – деп жазды қала әкімі.
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ "Оңтүстік-Шығыс" газ жылу станциясының, "Тұран" газ жылу станциясының бірінші кезеңінің, ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталғанын мәлімдеді.
"Жалпы, қазіргі жылыту маусымында бұл нысандар қаланы 1000 Гкал/сағ-тан астам жылумен қамтамасыз етеді", - деп жазды елорда әкімі.