Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Есіл ауданы тұрғындарымен кездесті

383

Биыл Астанада 3600 үлескердің мәселесі шешіліп, көптен күткен үйінің кілті табысталмақ. 

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Есіл ауданы тұрғындарымен кездесті Фото: Астана қаласының әкімдігі

Сондай-ақ алдағы 3 жылда 40 мектеп тұрғызу жоспарда бар, 24-інің құрылыс жұмыстары биыл басталады. Бұл жыл сайын кем дегенде 10 білім ордасы салынады деген сөз. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Есіл ауданы тұрғындарымен кездесіп сұрақтарына жауап берді.

Бұл халық саны жағынан Астананың ең үлкен ауданы Есіл тұрғындарының жаңа әкім Жеңіс Қасымбекпен алғашқы кездесуі. Бұған дейін қала басшысы Байқоңыр, Сарыарқа, Алматы аудандары және бірнеше елдімекендердің тұрғындарымен жолыққан. Кезекті шара аудан әкімі Асылбек Есенбаевтың жиналған азаматтарды аймақтың даму барысымен таныстыруынан басталды. Артынша адамдар кезекпен микрофонды алып, мазалап жүрген сұрақтарын қойды.

Үркер жаққа 35,36,45 автобустары жүреді.45-тің бағытын қала жақтан келгенде біздің үйдің маңына тоқтайтындай өзгертуге болмай ма? Тым болмаса, осы үй тұрғындарын тастап кетсе, өйткені аялдама тым алыс, деген тұрғынның сауалына әкім жауап берді. 

Мен Үркерге барғанда осы мәселе көтерілген. Біз 300 жаңа қоғамдық көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз. Шілде айында 90 автобус жүруін бастайды. Бағыттар санын ұлғайтамыз, 45-автобус біздің бақылауымызда.

Қалада бірнеше жылдан бері құрылысы бітпей тұрған тұрғын үйлердің жайы аса өзекті екені белгілі. Жиналған қауымның көбі осы мәселемен келіпті. Бүгінде осы санаттағы 150 көппәтерлі үйлердің 120-сы  аяқталып, 12 мың адамға көптен күткен баспанасының кілті табысталды.  Жыл соңына дейін қалған 30 үйдің құрылысы аяқталмақ.

Қазір жалпы үлескерлердің 3-тен 2 бөлігі өз пәтерлеріне қоныстанды. Фемида тұрғын үй кешені сынды құжат мәселесі толық бітпегендері бар. Осы жылы қалған 3600 үлескер үйлеріне көшеді, деді қала әкімі. 

Астанада жыл сайын 25 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды. Әсіресе, Есіл ауданы тұрғындарының  саны жылда 30 мыңға көбейіп келе жатқандықтан, жаңа мектептер ауадай қажет. Сондықтан әкімдік биыл Жайлы мектеп жобасы аясында 24 мектептің құрылысы бастауды көздеп отыр. Алдағы 3 жылда 40 білім ордасы есігін айқара ашпақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу