Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Астана құрамасының шахматшыларымен кездескенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Астана құрамасының шахматшыларымен кездесу барысында қала әкімі жас спортшылардың еліміздің намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап, ақыл-ойдың күшін, сол сияқты табандылықтары мен таланттарын көрсете білгенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, олардың халықаралық шахмат олимпиадасында, әлем чемпионатында, Батыс Азия чемпионатында, Азия чемпионатында және т.б. жарыстарда керемет нәтиже көрсеткенін айтты.
"Қыздар арасындағы жастар құрамасын 2024 жылы Мажарстанда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасындағы күміс медалімен шын жүректен құттықтаймын! Командамыз мықты қарсыластардың бірі саналған Әзербайжан мен Польша құрамаларын жеңді, сол сияқты Грузия және АҚШ командаларымен тең түсіп, 169 елден келген қатысушыларды басып озды. Елордамыздың шахматшылары Меруерт Қамалиденова мен Әмина Қайырбекованың қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді. Олар ел намысын әлем алдында қорғай отырып, шеберлігін, мықтылығын және командалық рухтың жоғары деңгейін көрсетті. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Өз тарапымыздан шахматты қолдауды жалғастырамыз және балаларымыздың өсуіне, үлкен жетістіктерге жетуіне көбірек мүмкіндік беру үшін барлық жағдайды жасаймыз", – деп жазды елорда әкімі.