Астана-Алматы күре жолының құрылысы қашан аяқталады?

356

Құрылыс сапасын кореялық компаниялар бақылауда. 

Астана-Алматы күре жолының құрылысы қашан аяқталады? Фото: Көлік министрлігі

Орталық-Оңтүстік дәлізіне жататын республикалық маңызы бар Астана-Алматы күре жолының құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары аясында Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Бұрылбайтал, Бұрылбайтал-Күрті және Шамалған станциясының айналма жолы жобалары жүзеге асып жатыр. Бұл жолдың жалпы ұзындығы – 946 шақырым, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Көлік министрі Марат Қарабаев құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жол учаскелерінің басына барып, жауапты мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездескен.

"Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды. Компания инженерлері техникалық қадағалауды жүргізіп, үнемі құрылыс басында", - делінген Көлік министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінде атап өткендей, учаскелердің бір бөлігі жаздың ортасынан бастап қолданысқа берілсе, қалған бөлігі 2024 жылдың соңына дейін халық игілігіне тапсырылады.

Мәселен, жалпы ұзындығы 363 шақырым Қарағанды-Балқаш күре жолының бойында айналма жолдар мүлдем қалған жоқ. Жоба аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін арналған 32 жол өтпесі, көлік айрығы және темір жол арқылы өтетін жол өтпесінің құрылысы толық аяқталған. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жолшылар асфальттың жоғарғы қабатын төсеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы тосқауыл қоршауларын орнатып жатыр. Нысанды 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру көзделіп отыр.

Былтыр мамандар Балқаш-Бұрылбайтал күре жолының жалпы ұзындығы 127 шақырым 3 учаскесін пайдалануға тапсырды. Биыл қалған 3 учаске қолданысқа беріледі.

Жалпы ұзындығы 81 шақырым Күрті-Бұрылбайтал жолы биыл жазда тапсырылады. Қазір мамандар жол бойында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар биыл жазда Шамалған бекетінің айналма жолы да қолданысқа берілмек.

Жоғарыда аталған жол учаскелері I-б техникалық санатына сәйкес төрт жолақты болатынын атап өткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу