Астанада 7 мамыр күні әскери парадқа қатысатын парад есептоптары мен әскери техниканың жаттығуы басталды, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған шараның маңыздылығын жете түсіне отырып, әскери қызметшілер күн сайын дайындығын пысықтап жатыр.
Парадқа қатысушылардың жаттығуы күн сайын өткізіледі. Сондай-ақ әскери техниканы жоспарлы тексеру және техникалық қызмет көрсету жүріп жатыр.
Еліміздің әртүрлі өңірінен келген әскери қызметшілер палаткалы қалашықта тұрып жатыр. Әскери техника ұрыс машиналарының арнайы далалық паркінде орналастырылды.
Далалық лагерьде жеке құрамға барлық қажетті жағдай жасалған. Дәлірек айтсақ, тұруға арналған палаткалар, медицина пункттері, тамақтану пункттері және монша. Қалашық аумағында бос уақытты ұйымдастыру үшін жылжымалы ақпараттық кешен өрістетілді. Одан басқа демалыс күндері әскери қызметшілердің елорданың мәдени нысандары мен көрікті жерлеріне баруы қарастырылған.
Астанада өтетін парадқа бір айдан аз уақыт қалды.
Тартылатын жеке құрам мен әскери техникадан басқа, биылғы парадтың ерекшеліктерінің бірі – алаңда әскери техникалық мектептердің автомобильді техникасында жүріп өтетін Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлерінің, "Жас ұлан" төрт әскери мектеп пен әскери патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері және қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерінің оқушылары, сондай-ақ аумақтық қорғаныс бригадалары құрама ротасының қатысуы.