Астана әуе айлағы 1 мамырдан бастап түнгі уақытта жабылады

Бұл туралы ҚР Азаматтық авиация комитеті хабарлайды. 

Астана әуе айлағы 1 мамырдан бастап түнгі уақытта жабылады Фото: inbusiness.kz

Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап елорда әуежайында ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуге байланысты шектеулер енгізілуде, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, Астана әуежайын алдағы уақытта толық ауқымды жаңғыртуға дайындық жалғасуда. Оның аясында Көлік министрлігі елорда әуежайының басшылығымен бірлесіп, отандық және шетелдік авиакомпаниялардың өкілдерімен кеңестер өткізді.

"Бірқатар келіссөздердің, ауа-райы болжамының, әуежайдың әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі жүктемесін зерделей келе, жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздықтардың салдарын азайту мақсатында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды.

Осылайша, 2024 жылғы 1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Астана қаласының әуе айлағында әуе кемелерінің ұшып-қонуына шектеу қойылады", - деп түсіндірді комитетте.

Сонымен қатар, ведомство өкілдері бұл әуежай көрсететін қызметтердің сапасына кері әсерін тигізбейтінін атап өтті. Өз кезегінде, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Авиация әкімшілігінің тұрақты мониторингі кезінде барлық қажетті құрылыс нормалары мен қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып жүргізілетін болады.

Айта кету керек, әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілді және сенімгерлік басқару кезеңінде инвесторға артылған басты міндет – ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу болған.

"Осы ірі жобаны іске асыру инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезекте әуе кемелерінің барлық түрлерін шектеусіз қабылдау үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әуеайлақ жабындарының сапалық сипаттамаларын жақсартуға бағытталған.

Осы орайда рейстер кестесіне өзгерістер енуі мүмкін. Сондықтан жолаушыларға әуе компаниялар мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінен рейстің мәртебесін нақтылау ұсынылады", - деп түйіндеді ҚР Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу