Астана әуежайы 20 жыл бойы өзгермеген тарифті жаңартуды көздеп отыр

249

Аталған тариф соңғы рет 2006 жылы өзгертілген.

Астана әуежайы 20 жыл бойы өзгермеген тарифті жаңартуды көздеп отыр Фото: ortcom.kz

Астана халықаралық әуежайы әуе кемелеріне базалық әуеайлақта тұрақ орнын ұсыну қызметінің тарифін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазіргі қолданыстағы мөлшерлеме халықаралық бағыттарды қоспағанда, ұшақтың ең жоғары ұшу массасының әр тоннасына тәулігіне 72,05 теңгені құрайды.

Әуежайдың мәліметінше, кейінгі жылдары инфрақұрылымды күтіп-ұстау және жөндеу, арнайы техниканы пайдалану, материалдар мен жанар-жағармай сатып алу, сондай-ақ қызметкерлердің жалақысын төлеу шығындары едәуір артқан. Ал қолданыстағы тарифтен түсетін табыс нақты шығындарды жабуға жеткіліксіз.

Әуежай өкілдері тарифті өзгертудің басты себебі ретінде оның экономикалық тұрғыдан негізсіз болып қалғанын атады. Олардың айтуынша, пайдалану шығындары тұрақты өскенімен, тариф шамамен 20 жыл бойы қайта қаралмаған.

Тарифті жаңарту жұмыстары "Табиғи монополиялар туралы" заң талаптарына сәйкес жүргізілмек. Көлік министрінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №66 бұйрығымен бұл қызмет реттелетін әуежай қызметтерінің қатарына енгізілген.

Осыған байланысты әуежай 2027-2031 жылдарға арналған жаңа тарифтерді бекіту туралы өтінім әзірлеген. Бастама Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау аясында Азаматтық авиация комитетінің тапсырмасымен қолға алынған.

Әуежайдың түсіндіруінше, өзгеріс барлық әуежай алымдарына қатысты емес. Қайта қарау тек халықаралық бағыттарды қоспағанда, әуе кемелеріне базалық әуеайлақта тұрақ орнын беру қызметін қамтиды.

Тарифті өзгерту арқылы әуежай инфрақұрылымды күтіп-ұстау, жөндеу және жабдықтарды жаңарту шығындарын өтеуді көздейді. Бұдан бөлек, 2027-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде әуеайлақ жабындарының жай-күйін бақылайтын жабдықтар мен арнайы техника сатып алу жоспарланған.

Әзірге жаңа тарифтің нақты мөлшері белгісіз. Оны бекіту жөніндегі соңғы шешімді уәкілетті мемлекеттік орган қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу