Елордадағы әуежай жарты жылда 1,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл туралы әуе айлағын дамыту тұжырымдамасының таныстырылымында "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Хамзин хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"Жаңа стратегия арқылы өндірістік тұрғыдан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында түскен таза табыс 1,6 млрд теңгені құрайды. 2021 жылы 4,8 млн жолаушыға қызмет көрсетсек, 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында олардың саны 3,5 млн-нан асты. Жыл соңына қарай жолаушылар ағыны 5,3 млн құрап, табыс 68 млрд теңге деңгейінде болады деп күтіліп отыр. Бұл былтырғы жылға қарағанда 15,8%-ға көп", – деді әуежай өкілі.
Әуежайда кірістің өсуіне шығындарды оңтайландыру және қосымша кіріс түрлерін дамыту септігін тигізді. Локдаун кезінде қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында операциялық шығындар қысқартылып, тұрақты транзиттік жүк авиарейстерінің үлкен көлемін тарту үшін күш-жігер жұмсалды. Елдер арасындағы шекаралардың жабылуы кезеңінде көптеген шетелдік әуекомпаниялар Астана әуежайын транзиттік аялдама ретінде пайдалана бастады.
Түскен кірістер есебінен кәсіпорын дефолттан құтылып, тарифтерді көтермей-ақ дағдарыстан шықты. Бұл отандық әуекомпаниялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек әуежай мен оның Көкшетаудағы филиалда еңбек ететін 2 мыңнан астам қызметкер жұмыс орындарын сақтап қалды. Кәсіпорын қызметкерлер алдында әлеуметтік міндеттерді толық көлемде орындап, ең төменгі жалақы көлемін 40%-ға ұлғайтты.
Дәулет Хамзиннің айтуынша, бұдан бөлек кез келген ауа-райы жағдайында жұмыс істейтін 5 заманауи қар жинайтын машина сатып алынған.