Көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited компаниясы (Terminals holding құрамына кіреді, БАӘ) Астанадағы әуежайды және оған іргелес аумақты кешенді дамытуға бағытталған инвестициялық келісім жасасты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Инвестициялық жобаның жалпы құны – 1,1 млрд доллар.
Келісім аясында инвестор екінші ұшу-қону жолағын, үшінші жолаушылар терминалын, сондай-ақ жүктерге арналған cargo терминалын салады. Сондай-ақ, инвестор индустриялық – логистикалық аймағы мен қонақ үйлері, сауда алаңдары, логистикалық терминалдары бар бизнес-кластерді қамтитын көпфункционалды аэротрополис кешенін дамытуды жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, арнайы техника паркін жаңарту, цифрлық шешімдер мен автоматтандыру жүйелерін енгізу, әуежай қызметкерлерін кезең-кезеңімен оқытып, біліктілігін арттыру көзделген.
Сонымен қатар Көлік министрлігі мен БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар техникалық біліммен, дағдылармен және озық тәжірибе алмасуға ниетті. Жақын арада Қазақстан мен БАӘ арасындағы автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау мәселелерін регламенттеуге мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылады деп күтіледі.
Айта кетсек, бүгінде Қазақстан халықаралық автотасымалдау аясында 42 үкіметаралық келісім жасасты.