Астана әуежайын жөндеуге 20 млрд теңге керек

512

Сондай-ақ, елімізде әуежайға жақын аумақта орналасқан 1 200 га жер телімі заңсыз табысталған.

Астана әуежайын жөндеуге 20 млрд теңге керек Фото: inbusiness.kz

Елорда әуежайының қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жыл бұрын пайдалануға берілген. Оны күрделі жөндеуден өткізуге 20,3 млрд теңге қажет, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Әзірше сметалық құжаттар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Бюджеттік өтінім мақұлданса, мемлекеттік қаржы есебінен құрылыс басталады. Одан бөлек, биыл еліміздің 4 өңірінде жаңа терминал салу мен жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Оның бірі - Алматы қаласындағы жаңа халықаралық терминал. Қазір ондағы құрылыс 60 пайызға аяқталған.

"Жобаларымыздың ең үлкені - Алматы әуежайында жаңа халықаралық терминал салу. Оның құрылысына жеке инвестиция арқылы шамамен 200 миллион доллар бағытталып отыр. Пайдалануға беру 2024 жылдың жазына межеленген. Сонымен қатар Шымкент және Қызылорда әуежайларында да жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жалғасып жатыр. Қос нысанға да жеке инвестиция қаржы құйылған. Ал Үкімет резерві есебінен Қостанай әуежайы жаңғырту жоспарлануда", - деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Комитет төрағасы әуежай маңынан заңсыз жер беру мәселесіне де тоқталып өтті. Жалпы, елімізде әуежайға жақын аумақта орналасқан 1 200 га жер телімінің заңсыз табысталғаны анықталыпты. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы, Шымкент, Атырау мен Ақтөбе қалаларында тіркелген. Мәселені шешу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, жергілікті атқарушы органдармен тиісті жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу