Астана халықаралық әуежайы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болды. Үкіметінің тиісті қаулысы бүгін ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Оған сәйкес, Қазақстан аумағындағы әуежай, теміржол секілді объектілерге атау беру немесе қайта атауды қарастыратын үкіметтің 1996 жылы 5 наурыздағы қаулысына өзгеріс енгізілмек. Онда, ел қақпасы саналатын нысандарға аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет қайраткерлеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың есімдерін беруге болатыны көрсетілген. Елбасының есімін Астана әуежайына беру туралы 2008 жылы қазіргі сенатор Дархан Қалетаев ұсыныс тастаған еді. Алайда, бұл жолғы ұсынысты әуежай ұжымы жасағаны айтылуда.
Еске сала кетсек, халықаралық әуежай ЭКСПО көрмесі қарсаңында қайта жөндеуден өтіп жаңа терминал ашылды. Соның арқасында әуежай жылына 7 млн. жолаушы қабылдай алады.