Астана әуежайында мас жолаушы бірден төрт бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылды

190

Астана әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Новосибирск – Астана бағытындағы әуе рейсінің 34 жастағы жолаушысын құқық бұзғаны үшін ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астана әуежайында мас жолаушы бірден төрт бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылды Фото: canva.com

Ұшу кезінде мас күйде болған ер адам өзін дөрекі ұстап, әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтқан, бортсеріктердің ескертулеріне де құлақ аспаған. Бұған қоса, мән-жайды анықтау барысында ол тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған.

Құқық бұзушы ұсталып, полиция бөлмесіне жеткізілді. Ұсталған азамат ӘҚБтК-нің төрт бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды: қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны және әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 8 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 71 283 құқық бұзушыны анықтап, жауапқа тартты. Оның ішінде қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 5624 жолаушы, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 586 азамат, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 75 адам болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу