Астана әуежайында отырғызу талонының орнына Face ID енгізілмек

470

Face ID - биометриялық деректер жүйесі.  

Астана әуежайында отырғызу талонының орнына Face ID енгізілмек Фото: inform.kz

"Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Face ID технологиясын енгізумен айналысатын Sita (Société Internationale de Télécommunications Aéronautiques) швейцариялық компаниясымен ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz Астананың әуе айлағының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін SITA әуежайдағы бақылау пункттерінен кедергісіз өту жүйесін ұсынуға дайын. Оның жұмысы бет биометриясын тану технологиясына негізделген. Отырғызу талонының орнына Face ID пайдалану тіркеуден рейске отыруға дейінгі жолға кететін уақытты қысқартады, сонымен қатар жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттырады, өйткені терминал қызметкерлерімен байланыс азаяды", - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, келісім Sita Airport Management жүйесін енгізуді көздейді. Оның арқасында өндірістік процестерді болжау, әуежай қызметтерінің жұмысын бақылау жақсарып, әуе кемелеріне қызмет көрсету операциялары мен материалдық әрі еңбек ресурстарын бөлуді оңтайландыру оңай болады.

Sita Airport Management арқасында әуежайлар өндірістік шығындардың 15-20%-ға төмендетіп, рейстердің кешігуі себептерін азайтты.

"Біз 2023 жылды цифрландыру жылы деп жарияладық, өйткені жаңа технологиялар қарқынды дамуға және клиенттерімізге үздік сервисті ұсынуға ықпал ететін негізгі фактор болып табылатынына шын жүректен сенеміз", - деп атап өтті келісімге қол қою рәсімі барысында "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Хамзин.

Құжатқа Амстердамдағы Passenger Terminal Expo 2023 көрмесінде қол қойылды.

SITA-авиация саласында телекоммуникация және IT қызметтерін ұсынатын Швейцарияның көпұлтты ақпараттық ұйымы.

Өткен аптада Астана әуежайы екінші жыл қатарынан Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік әуежай ретінде World Airport Awards сыйлығын алғаны хабарланды.

"Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Хамзиннің айтуынша, Астана әуежайы Орталық Азиядағы ең көп жұмыс істейтін әуежайлар арасында екінші орында және посткеңестік кеңістікте сұраныс бойынша 12-орында тұр.

Бұған дейін Алматы мен Баку арасында тікелей рейс іске қосылғанын еске саламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу