Астана әуежайында жанжал шығарған екі әйелге айыппұл салынды

472

Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ. 

Астана әуежайында жанжал шығарған екі әйелге айыппұл салынды Фото: Tengri Travel

25 ақпанда елорда әуежайында екі әйел "Астана-Шымкент" бағыты бойынша қонуы кейінге қалдырылған ұшақты ұзақ күткендеріне шағымданады. Олар әуе компаниясының қызметкерлеріне агрессивті түрде (қорлау, балағат сөздер айту, ұрып-соғу) наразылығын білдірген, деп жазады inbusiness.kz Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына astana.sud.kz-ке сілтеме жасап.

"Шептік полиция бөлімінің инспекторы әкімшілік істерді қозғап, екі азаматшаның іс-әрекеттерін ұсақ бұзақылық (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) деп саралады. Екінші әйелдің қол жұмсауы тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау деп сараланды (ӘҚБтК-нің 73-2-бабының 1-бөлігі). Сот отырысы барысында тәртіп бұзған екі азаматша да өздерінің кінәсін толық мойындап, істеген істеріне өкінді. Сот аталған азаматшаларды құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп таныды", - делінген сот хабарламасында.

ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 5 АЕК мөлшерінде айыппұл өндіріп алуды немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді.

ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 1-бөлігінің санкциясы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл өндіріп алуды не 10 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді.

Сот әйелдердің бірінің асырауында жас баланың болуын, жасаған ісі үшін өкінуін және кінәсін мойындауын, алғаш рет құқық бұзушылық жасауын жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жүкті әйелдерге және 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылмайды.

Жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

"Жасалған іс-әрекеттердің сипатын, кінәлі адамдардың жеке басын ескере отырып, сот ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 5 АЕК (17 250 теңге), ӘҚБтК-нің 73-2-бабының 1-бөлігі бойынша 10 АЕК (34 500 теңге) теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза қолданды. Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ", - делінген ақпаратта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу