Әлеуметтік желілерде таралған Астана әуежайында жолаушыдан маймыл шешегі анықталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі бұл тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Жалған ақпарат көрсетілген жарияланымдарда маймыл шешегінің елге енуіне қарсы дайындық бойынша өткізілген ведомствоаралық оқу-жаттығу барысында түсірілген бейнематериал қолданылған. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда маймыл шешегі ауруының бірде-бір жағдайы тіркелмегенін мәлімдейді. Маймыл шешегінің елімізге енуінің алдын алу мақсатында өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Жалған ақпарат таратқан адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Әлеуметтік желі қолданушыларын және барлық азаматтарды тек ресми дереккөздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз", – деп жазады ведомство баспасөз қызметі.
Бұған дейін Астана мен Алматы әуежайларында маймыл шешегі инфекциясына қарсы оқу-жаттығу өткен болатын.
Сондай-ақ, Премьер-Министр маймыл шешегіне қатысты әуежайларда бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын.